Мақалада сөйлесім әрекетінің түрлері: оқылым мен жазылымды өзара сабақтастықта меңгертудің жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылады. Қазақстан Республикасында қазақ тілін деңгейлік оқытудың тәжірибесіне сүйене отырып, оқу үдерісінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бір жолы ретінде оқылым мен жазылым тапсырмаларын орындатудың ғылыми-әдістемелік мәселелері дәйектеледі. Сабақта оқушылардың қарым-қатынас әдебі мен қатысым мәдениетін қалыптастырудағы сөйлесім әрекеті түрлерінің маңызы ашылады. Оқылым мен жазылым тапсырмаларын үйлестіре отырып, тіл үйренушінің пәнге деген қызығушылықтарын тудыру амалдары анықталады. Оқылым мен жазылым әрекеттерін дамытудың ұстанымдары белгіленеді.
Зерттеуде отандық және шетелдік әдіскер-ғалымдардың, педагогика, психология саласындағы зерттеушілердің тілдік қатынасқа, сөзге, мәтінге, оқылым мен жазылым әрекеттеріне қатысты пікірлері талданады. Қазақ тілін деңгейлік оқытудың базалық-нормативтік құжаттарындағы тілдік білімді бағалау өлшемдерінің ерекшеліктері көрсетіледі. Деңгейлік оқулықтардың құрылымдық-мазмұндық жүйесі сипатталады. Тіл үйретудің басым бағыты ретінде коммуникативтік құзіреттіліктерді қалыптастыру әдістері түсіндіріледі.