Мақалада география пәні бойынша білім беретін орта мектептерде оқу-дала жұмыстарын ұйымдастырудағы бірқатар мәселелер – оқу базаларының оқу-дала практикасы нысандарына сәйкес келмеуі, қауіпсіздік ереже деңгейінің жоғары болмауына байланысты оқу-дала жұмыстарының тиісінше орындалмауы анықталды. Оқу-дала жұмыстары танымдық бағыттағы сабақтар ретінде маңызы зор. Оқу-дала жұмыстары оқушылардың географиялық нысандармен танысуда меңгерген теориялық ақпараттарын практикада қолдануы зерттеу дағдысының дамуына ықпал етеді. Талдаулар барысында гидрологиялық оқу-дала жұмыстарын ұйымдастырудың барлық кезеңдеріндегі іс-әрекеттер қашықтықтан жүргізілетін цифрлық платформалар арқылы жүзеге асыруға болатыны ұсынылған. Осыған байланысты оқу-дала практикасын қашықтықтан жүргізу форматында цифрлық ресурстармен ұйымдастыруды қажет етеді.
Зерттеу жұмысы барысында теориялық және тәжірибелік ғылыми еңбектерге талдау жасалынып, жалпы білім беретін орта мектептердің география пәні мұғалімдерінен сауалнама жүргізілді. Республика деңгейінде еркін форматта алынған сауалнама нәтижесіне сай айқындалған мәселелерді шешудің жаңаша мүмкіндіктері сараланып, тұжырымдар келтіріледі. Оқу-дала практика жұмыстарының орындалуы дәстүрлі форматта жүзеге асырыла бермейтіндігі сауалнама нәтижесінен айқын көрінді. Мектепте гидрологиялық оқу-дала жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері мен цифрлық құралдардың пайдалану мүмкіндіктері айқындалып, география пәні мұғалімдеріне әдістемелік жолдары ұсынылды.