Әлемдік білім беру жүйесінде, жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтарды даярлау өндірістік практикамен қоса жүретіні мәлім. Өндірістік практика оқу-тәрбие процесінің ажырамас бөлігі және білім алушылардың болашақ кәсіби қызметімен байланыс нысандарының бірі болып табылады. Ол политехникалық білім беруді, еңбек тәрбиесі мен кәсіптік бағдар беруді жүзеге асыруға маман даярлауда оқу-тәрбие әлеуетін едәуір күшейтеді. Сонымен қатар өндірістік практиканың студенттердің біліктілігі мен білімін тәжірибе жүзінде шыңдауға көмектесетіні де сөзсіз.
Қазақстан Республикасының аумағында студенттерді өндірістік практикадан өткізу Білім және ғылым министрлігінің "Кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Өндірістік практиканы өткізетін кәсіпорындар да осы бұйрыққа бағынады. Университет қабырғасында оқу барысында білім алушыларды практика жетекшілері алдын-ала даярлап, ақпараттық бағыттау жұмыстарын жүргізіп, студенттердің өндірістік орындарда дұрыс тәжірибе жинақтауын қадағалау қажет.
Мақалада Қазақстан Республикасы аумағындағы жоғары оқу орындарының өндірістік практиканы жүргізу ерекшеліктері талқыланып, шет елдік университет тәжірибелерімен салыстырылды. Сондай-ақ, практикадан өту кезеңдерін, оны жоспарлау мәселесін, өндіріс орындарының талаптарын, оларға қажет құжаттар жинағы туралы мәліметтерді зерделей келе, осы саладағы негізгі проблемалар анықталды. Туындаған мәселелерді шешу жолында міндеттер айқындалып, сол бойынша жұмыс жасалды.