Кіріспе. Мақалада мектепке дейінгі ұйымның мектепалды топ балаларының шығармашылық дағдыларын дамыту үдерісінде нейроойындардың әсері жан-жақты зерттелген. Баланың 5–6 жасындағы танымдық, эмоциялық және моторлық жүйелердің өзара байланысына сүйене отырып, авторлар нейроойындарды шығармашылық әлеуетті белсендірудің ғылыми негізделген құралы ретінде ұсынады. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ми қызметін жандандыратын, сенсорлық-моторлық үйлесімділік пен бейнелі ойлауды арттыратын әдістердің маңыздылығы артып отырған жағдайда, нейроойындарды қолдану қажеттілігі өзекті мәселе ретінде қарастырылады. Әдіснама және әдістер. Зерттеу Алматы қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарда «Сөйлеуді дамыту», «Көркем әдебиет», «Математика негіздері», «Қоршаған ортамен таныстыру» ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне нейроойындарды бейімдеу арқылы жүргізілген. Зерттеу барысында сенсорлық интеграция (А. Айрес), шығармашылық ойлауды дамытуға арналған қиял жаттығулары (А.К. Сатова), «Нейроматрёшка» әдісі (Е. Заподойникова), эмоциялық жауапты анықтау әдісі (Н. Семаго), сонымен қатар нейроойындардың тиімділігін бағалауға арналған корреляциялық және регрессиялық талдау әдістері қолданылған. Нәтижелер. Авторлар нейроойындардың баланың сөздік қорын кеңейту, эмоциялық жауап беруді дамыту, қиял мен бейнелі ойлауды ынталандырудағы тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеп, оң нәтижеге қол жеткізген. Салыстырмалы және сандық талдау нәтижелері нейроойындардың когнитивтік, сенсорлық-моторлық, эмоциялық-еріктік және шығармашылық әрекет компоненттерін дамытуда кешенді оң ықпалға ие екенін көрсетіп отыр. Ғылыми жаңалығы. Зерттеу нәтижелерінен нейроойындардың ми қызметін белсендіру арқылы шығармашылық дағдыларды мектепке дейінгі жастан бастап дамытудың пәрменді құралы екенін көруге болады. Практикалық маңыздылығы.Ұсынылып отырған зерттеу жұмысы мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңартуға және инновациялық нейропедагогикалық тәсілдерді тәжірибеге ендіруге бағытталған ғылыми-практикалық еңбек болып табылады.
Мақаланы дайындау барысында жасанды интеллект құралдары тек техникалық және тілдік қателерді түзету, мәтіннің стилистикалық анықтығын арттыру мақсатында қолданылған. Зерттеудің ғылыми мазмұны, деректерді талдау, нәтижелер мен қорытындылар толықтай автор тарапынан жүзеге асырылған.
