Қазіргі таңда ақпараттың көлемі мен қолжетімділігінің артуы білім алушылардан ақпаратты тиімді пайдалану, бағалау және синтездеу қабілеттерін талап етеді. Осыған байланысты мақалада бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық сауаттылығын қалыптастырудың мүмкіндіктері қарастырылады. Ғылыми әдебиеттерді талдау негізінде бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық сауаттылығын қалыптастыру жағдайына жан-жақты шолу жасалды. Зерттеу барысында оқырмандық сауаттылық – жазбаша мәтіндерді түсіну, оларды талдау және өмірде қолдану қабілеті ретінде айқындалды.
«Кітап оқитын ұлт!» атты сауалнама 3-4 сынып оқушылары арасында жүргізілді. Зерттеу сапалық әдіске негізделді, бұл оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен мәтінді түсіну деңгейін терең зерделеуге мүмкіндік берді. Алынған деректер мазмұндық және тақырыптық талдау әдістері арқылы өңделіп, оқырмандық сауаттылықты қалыптастыруға ықпал ететін негізгі факторлар анықталды.
Зерттеу нәтижелері бастауыш сынып кезеңінде оқырмандық сауаттылықты қалыптастыруда жүйелі оқыту мен кітап оқуға ынталандырудың маңыздылығын көрсетті. Бұл бағытта мұғалімдер мен ата-аналардың бірлескен жұмысы ерекше рөл атқарады.
Түйін сөздер: оқырман, оқырмандық сауаттылық, кітап оқуға қызығушылық, бастауыш сынып оқушылары.

