ЖОО-ның білім беру жүйесінде студенттердің болашақта еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін, кәсіби құзіреттілігін арттыру мақсатында Minor қосымша білім беру бағдарламалары кеңінен қолданылады. Minor бағдарламасы студенттердің негізгі мамандығын жан-жақты игеруіне немесе жеке қызығушылықтарына сай қосымша білім алуына бағытталған. Бұл бағдарлама студенттерге жеке қызығушылықтары мен мақсаттарына сәйкес қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Қазақстанның басым университеттерінде Minor қосымша білім беру бағдарламасы ресми түрде бар болғанымен, таңдап өткізуге мүмкіндіктері болмады. Осы зерттеуде біз студенттерге Minor курстарын ұсынбас бұрын, ұсынылатын курстардың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, «Биология» және «Химия-Биология» білім беру бағдарламасының студенттері қандай Minor курстарын таңдайтынын және олардың таңдауына әсер ететін факторларды анықтауды мақсат еттік.
Зерттеу жұмысында мақсатқа жету үшін онлайн форматта Google Forms бағдарламасы арқылы сауалнама алынды. Жиналған мәліметтер сандық әдіс арқылы талданды. Сандық мәліметер SPSS 29.0.2.0 бағдарламасында өңделді, сандық статистика және корреляциялық талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде студенттер Minor қосымша білім беру бағдарламасын таңдауда қандай маңызды факторларды ескеретінін, Minor қосымша білім беру бағдарламасын таңдағанда қандай курстарды көп таңдайтынын, Minor қосымша білім беру бағдарламасын таңдағанда кімнің кеңесіне жүгінетінін анықтадық. Нәтижесінде студенттердің таңдауларына ең көп әсер ететін факторлардың қатарына «Оқытушылардың кәсіби деңгейі», «Болашақ табысқа ықпалы», сондай-ақ «Жеке тұлғаның мүмкіндіктері» мен «Жаңа бір нәрсені үйренуге құштарлығы» жататынын анықтадық. Бұл нәтижелер студенттердің Minor курстарын таңдауда кәсіби дамуға және болашақта жоғары табысқа жетуге бағытталған ұстанымдарын көрсетеді. Бұл зерттеу жұмысы болашақта студенттердің Minor қосымша білім беру бағдарламасын таңдауда және ЖОО – ғы білім беру сапасын арттыруда көптеген үлес қосады деп санаймыз.
