Академиялық жазылым жазбаша тілдік қатынастың ғылыми түрін реттеуге бағытталады. Мұнда коммуниканттардың білімі ғылыми жағынан жаңа көрсеткіштерге жетуге ұмтылады. Академиялық жазылым – студенттерді өз бетімен ізденуге бағыттайтын, ғылыми жұмыстың мазмұны мен құрылымын анықтайтын мәтін коммуникациясының түрі.
Ол мәтіндік коммуникацияның фрагменті және мәтін түзілімінің белгілі бір типі ретінде ізденушінің ғылыми шығармашылық қабілетін дамытады .Академиялық жазылымның методологиялық негізі лингвистика, функционалды стилистика, психология, когнитивті лингвистика, мәтін лингвистикасы және басқа аралық ғылыми бағыттардың интеграциялық әдістері арқылы қалыптасады. Бұл әдістер кешенді түрде автор мен адресаттың қарым-қатынасын жүзеге асырады. Академиялық мәтінді дискурста қарау коммуниканттардың мақсатын айқындайды.
Академиялық жазылым құзыреттілігін қалыптастыру ізденушіні тың ізденістерге жетелейді. Ғылыми мәтін деңгейіндегі жазылым коммуникативтік, дискурстық құзыреттілікті қалыптастырады. Мәтінмен жұмыс істеу студенттің қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға, тілдік дағды мен білікті жетілдіруге мол мүмкіндіктер ашады.